Елордада «Айналайын Астанам - асқақ әнім!» мерекелік концерті өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Оқушылар сарайының орталық алаңында қала күніне арналған «Айналайын Астанам - асқақ әнім!» мерекелік концерті өтеді. Бұл туралы Астана қаласының білім басқармасынан хабарлады.

Концерттік бағдарламаға Оқушылар сарайының шығармашылық ұжымдары қатысады деп жоспарланған. Атап айтқанда, А.Иманбаева жетекшілік ететін солистер мен вокалдық топтар, Ш.Қорғанбекова жетекшілік ететін домбыра, қобыз ұжымы, флейтистер өнер көрсетеді. Мұнан бөлек К.Шманов жетекшілік ететін хореографиялық ансамбльдердің,  А.Мырзабаев басшылық жасайтын  жас гимнасшылар мен таэквондошлардың өнері де ешкімді бей-жай қалдырмайды.

Оқушылар сарайының барлық тәрбиеленушілері өз өнерлерін сүйікті елордаға арнайды. Концерттік бағдарлама мен көңілді әуендер мерекеге жиналған барша қатысушыларға, қонақтарға жақсы көңіл-күй сыйлайтын болады.