Елордада «Айналайын Астанам - асқақ әнім!» мерекелік шарасы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 7 шілде күні Оқушылар сарайының орталық алаңында барлық балалар бірдей бір ырғақта билейтін флэш-мобтан бастау алатын Астана күніне арналған мерекелік бағдарлама өтеді.

Мұндағы сәндік-қолданбалы шығармашылық бөлімінің тәрбиеленушілер мен жас суретшілердің шығармашылық жұмысының көрмесі, брэйк-данс алаңы, спорт алаңы (каратэ годзю-рю, шахмат, баскетбол, футбол), концерттік бағдарлама тәрізді шараларға Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері қатысады.

Қала күніне арналған «Айналайын Астанам - асқақ әнім!» мерекелік концерттік бағдарламасына хор, жеке орындаушылар мен вокалды топтар, домбыра, қобыз аспаптарының ұжымдары, сырнайшылар, хореографиялық ансамбльдер қатысады. Әсем қимылдайтын жас гимнастшылар мен таэквондошылардың епті әрекеттері баршаны тамаша әсерге бөлемек. Оқушылар сарайының тәлімгерлері барлық шараларды сүйікті қаласына арнайды. Шараға қатысушы қонақтар мен тұрғындарға спорттық ойындар, байқаулар мен әсем ән тамаша көңіл-күй сыйламақ.