Астананың 15 жылдығын мерекелеу биылғы жылы отбасы және көше іс-шаралардың көптігімен ерекшеленуде. Көпшілік серуені, мерекелік шеру, отбасылық және балалар фестивалі - бұл кез келген астаналықтың отбасының балаларымен жазғы каникулда көңілді демалатын мүмкіндіктері. Алайда, бұл іс-шаралардың толық тізімі емес. «Айналайын» отбасылық-демалыс қалашығында әркім де қызықты ойын-сауық құрып, көңіл көтере алады. Мұнда балдырғандармен қоса аталар мен әжелер де қатыса алады. Сүйікті қаламыздың 15 жылдық мерйтойында «Айналайын» қалашығы тамаша демалыс ұйымдастыруға толық мүмкіндік беретін бірден-бір орын.
Жүргізушілер, аниматорлар мен бойшаң қуыршақтар балалар мен ересектерді қызықты ойындарға, байқаулар мен спорттық сайыстарға еліктіреді.
«Студент» саябағындағы бағдарлама «Спорт және мен» деген ұранмен өтеді: «Гүлнәр» ансамблі, «Астана» қуыршақтар театрының театрландырылған-ойын бағдарламасы, спорттық сайыстар, «Көңілді мәре», «Дәлел» таеквондо клубының каратэ көрсетілімдері, «R-V» қуыршақтар театрының театрландырылған-ойын бағдарламасы, «Фараб» ән-би ансамблінің концерттік бағдарламасы өтпек.
Қалалық алаңда көрермендер № 2 өнер мектебінің, «R-V» қуыршақтар театрының, «Фараб» ән-би ансамблінің концерттік бағдарламасын және ҚР ІІМ ІӘ ансамблінің әндері мен әскери билерінің және Астана қаласы эстрадасы жеке орындаушыларының концерттік бағдарламаларын тамашалайды.
«Жерұйық» саябағында «Қазақ дастаны» бағдарламасы қойылады. Онда «Ақ маржан» студиясының солистері өнер көрсетіп, № 1 өнер мектебі мен «Шаңырақ» әжелер ансамблі «Бесікке салу» және «Тұсау кесер» сынды ұлттық салт-дәстүрлерді көрсетеді.