Елордада балалар шығармашылығы фестивалі ашылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 16 ақпанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Балалар жылына арналған «Менің Қазақстаным – менің елім» балалар шығармашылығы фестивалінің ашылуы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шара Елбасы кітапханасының «Балалық шақтан көзқарас» жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласының Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. «Балаларға ерекше назар аудару керек. Олардың әл-ауқаты –мемлекетіміздің табысты болашағының сенімді кепілі... Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы және бақытты балалық шағы – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деді Қазақстан Президенті.

Фестивальдің ашылуында көрермендер көркемсурет мектебі оқушыларының ең жақсы жұмыстары ұсынылған көрмемен танысып, жетекші суретші-педагогтардың шеберлік сабақтарына қатысты. Қонақтардың кейбірі «мозаика» техникасында өз суреттерін салып көрді.

Іс-шараға қатысушылар өз тілектерін «Тілек ағашына» қалдырды.

Елордалық №2 өнер мектебі оқушыларының концерттік бағдарламасы ашылу салтанатының сәнін ашты.

«Менің Қазақстаным – менің елім» балалар шығармашылығы фестивалі жыл бойына жалғасады. Осы кезеңде Елбасы кітапханасы балалар мен жасөспірімдерге арналған көрмелер, дәрістер, танымал әрі табысты шеберлермен шығармашылық кездесулер, конкурстар, жәрмеңкелер мен шеберлік-сыныптар ұйымдастырады.

Фестиваль балалардың зияткерлік әлеуетін нығайтуға, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға және өскелең ұрпақтың құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған.

Айта кеткен жөн, Елбасы кітапханасының «Балалық шақтан көзқарас» жобасы балалар шығармашылығын қолдау әрі дамыту мақсатында жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын жоба аясында Қазақстанның, сондай-ақ жақын және алыс шетелдердің білім беру мекемелерінің тәрбиеленушілері қатысатын вернисаждар, фестивальдер, шеберлік-сыныптар, конкурстар өткізіліп тұрады.