Елордада баланы пышақтаған жасөспірім қазір қайда отыр

Фото: Фото: Видеодан скриншот

АСТАНА. KAZINFORM – Бірер күн бұрын астаналық жасөспірім лифті ішінде 5 жасар баланы пышақтап тастаған еді. Кейін белгілі болғандай жасөспірім психикалық есепте тұрған.

- Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысына сәйкес 2010 жылы туған жасөспірімді тергеу шаралары кезінде денсаулық сақтау жүйесінің мекемесіне, яғни психиатриялық стационарға орналастыру түріндегі қауіпсіздік шарасы қолданылды. Пациентті бақылаудың күшейтілген режимі белгіленді, - деді Қазақстандағы балалар омбудсмені Динара Зәкиева.

Еске сала кетсек, елордада жасөспірім лифті ішінде баланы пышақтап тастаған еді. Кейін белгілі болғандай пышақпен шабуылдаған жасөспірім арнайы есепте тұрған.

Дәрігерлер зардап шеккен балаға дереу ота жасап, психологиялық көмек көрсетті.

Сондай-ақ елордалық дәрігерлер жасөспірімнің пышақпен шабуылына ұшыраған 5 жасар балақайдың жағдайы ауыр екенін айтқан еді.

Айта кетсек, елімізде мінез-құлқында психикалық ауытқуы бар қанша бала есепте тұрғаны туралы Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметтері жарияланған еді.