Елордада бауырластар зиратында жатқан жауынгерлерге тағзым етілді

АСТАНА. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астана қаласы әкімінің орынбасары Әмірхан Рақымжановтың қатысуымен Орталық зиратта митинг өтіп, бауырластар бейітінің басына гүлдестелері қойылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Митингіге қатысатын Ұлы Отан және Ауған соғыстарының ардагерлері, Қорғаныс министрлігінің, діни ұйымдардың, саяси партиялар мен ҮЕҰ өкілдері мінген көліктер колоннасы алдымен Бейбітшілік көшесінен бастап Бөгенбай көшесі арқылы орталық зиратқа дейін жүріп өтті. Бауырластар зиратына Ұлы Отан соғысында жарақат алып, Ақмола қаласының госпитальдарында көз жұмған азаматтар жерленген. «Зұлмат соғыстың салдарынан қаза тапқан жауынгерлерге тағзым ету үшін Орталық зиратқа жиналу дәстүрге айналды. Миллиондаған адам Отанды азат ету жолында опат болды. Елі үшін, жері үшін жау оғына кеудесін тосқан ардагерлерді ертеңгі Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтаймын. Өздеріңізге және отбасыларыңызға амандық тілеймін», - деді жиында Ә.Рақымжанов. Аруақтарға бағышталып дұға оқылғаннан кейін бір минөттік үнсіздік жарияланды.