Қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының ақпараты бойынша, тұрақтандыру қорының өнімдері қаладағы сауда орындарына шығарылуда. Тұрақтандыру қоры азық-түлік тауарларының біраз бөлігіне бағаны тежеуге мүмкіндік береді.
«Жыл сайын осы кезде қант бағасының маусымдық өсуі байқалады, ол жеміс-жидектің пісіп, тұрғындардың жаппай қысқа азық-түлік дайындауына байланысты болатын жағдай. Қазіргі кезде қаладағы 8 сауда кешенде («Столичный», «Шапағат», «Әлем» СҮ, «Бахус», «Меркен», «Апрель», «Керуен» СО) белгіленген бағамен 80 мың тонна қант саудаланған», делінген хабарламада.
Тұрақтандыру қорында барлығы 1 247 тонна азық-түлік бар, оның ішінде 1 161 тонна қант, 46 тонна күріш, 40 тонна қарақұмық сақталған.
Ведомствоның айтуынша, жоғарыда аталған азық-түлік түрлеріне баға тұрақты.
Сондай-ақ, бағаның сақталуына тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі, егер тауар құнында белгіленген шектен алшақтық анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады.
Осыған дейін хабарланғандай, өткен аймен салыстырғанда қырыққабаттың бағасы 38%-ға, картоп - 14%-ға, пияз - 6,3%-ға төмендеген. Ал қант бағасы 0,4%-ға арзандаған.