Елордада «Береке бастауы» атты нан фестивалі өтуде

АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада Жастар сарайында «Береке бастауы» атты нан фестивалі өтуде.

Осылайша елордалықтар Қазақстандағы астық жинаудың рекордтық көрсеткіштерін атап өтуді шешкен. Еске сала кетейік, биыл еліміз бойынша шамамен 30 млн. тоннадан астам егін орылды.

Астана қаласының Кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бастығы Ерлан Жүнісовтің айтуынша, фестиваль ең үздік нан өнімдерін шығарушы кәсіпкерлер арасында өткізілуде және онда ең үздік өндірушілер марапатталатын болады. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша осындай шаралар өткізілуде.

Фестиваль барысында көрме, байқаулар мен үздік мамандардың шеберлік-сыныптары ұйымдастырылмақ.

«Фестивальға Астана қаласының нан, тоқаш және кондитерлік өнімдерді шығарушы 30-дан астам кәсіпкер қатысуда. Басты мақсат - елордадағы нан өнімдерін жұрт талғамына ұсыну және кәсіпкерлердің іскерлік қарым-қатынастарын дамыту», - дейді Е. Жүнісов.