Елордада Берлин еуразиялық клубының алтыншы отырысы өтіп жатыр

None
АСТАНА 2 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Берлин еуразиялық клубының алтыншы отырысы өтуде.

Алқалы жиынға қатысқан еліміздің Германия Федеративті Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Онжановтың атап өтуінше, клубтың ашылуы өткен жылдың ақпан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Германияға сапары барысында өтті. Оны құру шешімі бірінші кезекте Қазақстанның сыртқы саясаты үшін германдық бағыттың маңыздылығын көрсетеді.

«Берлин еуразиялық клубы сұхбат алаңының негізгі мақсаты жаңа интелектуальды мүмкіндіктердің еуропалық және азиялық мәдениеттер арасында өзара түсіністік жолдарын іздестіру. Сондай-ақ әлемдегі, атап айтқанда Қазақстан мен Орталық Азияда, Германия мен Еуропа аумағында жалпы Еуразияда орын алатын саяси үдерістердің дамуын болжау»,-деді Н. Онжанов.

Оның атап өтуінше, өткен жылдан бері Берлин-Брюссель-Астана қалаларында клубтың бірнеше отырысы өткен. Ол кездесуде сарапшылар Қазақстан - Герман қарым-қатынастары, Еуразиялық-экономикалық ықпалдастық, Еуроодақтың Орталық Азиядағы стратегиясы мен «Еуропаға жол» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелерін қарастырған.

Сонымен қатар бүгінгі отырыста қарастырылатын мәселелерге тоқталған Елші: «Біздің ойымызша, жоғарыда айтылған Елбасымыздың Германияға сапары аясында жасалған Қазақстан - Герман жобаларына көңіл бөлген жөн. Яғни, Қазақстан мен Германия арасындағы шикізат, өндіріс және технология салаларындағы серіктестік туралы келісім, сондай-ақ германдық дуальды білім беру моделін ескеріп, қазақстандық кәсіби-техникалық мамандарды даярлау»,-деді.