Қалалық мәслихаттың кезекті отырысында хатшы Ерлан Каналимов қауіпсіздік мәселесін көтере келе, елордада бейнебақылау камералары қызметін бір ғана мекемеге жүктеу керектігі туралы ұсыныс білдірді.
«Мемлекеттік мекеме, әлеуметтік немесе қоғамдық орындарға бейнебақылау камерасын орнатудың артында ұлттық қауіпсіздік тұр. Ал біз ұлттық қауіпсіздікті алдық та жеке меншікке бере салдық, кім көрінген қызмет көрсетіп жатыр. Жеке ұйымдардың қауіпсіздікті қамтамасыз етуге рұқсаты бар ма? Шамасы жеткілікті ме? Олар күш құрылымдары ұйымдарының бұйрықтарымен таныс па? Міне, мәселе қайда жатыр. Сондықтан қауіпсіздікке бір ғана оператор жауап берсе деген ұсыныс бар. Мүмкін мемлекеттік болар. Осы орайда цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасына бейнебақылау камералар қызметіне жауап беретін бір ғана операторды белгілеп, тағайындаса дейміз», - деді қалалық мәслихат хатшысы.
Аталған мәселеге қатысты Нұр-Сұлтан қаласының цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы басшысы Ботагөз Қасабек түсінік берді.
«Бүгінде қаладағы бейнебақылау камераларының жұмысына жауапты 4 ірі мердігер ұйым бар. Қауіпсіздік мәселесіне келсек, мемлекеттік маңызы бар нысандарға қызмет көрсететін компанияларға арнайы талап қойылады. Олар ұлттық қауіпсіздік комитетінің қатаң бақылауында. Мен айтып отырған 4 мердігер ұйым да талапқа сай жұмыс істейді. Қазір бейнебақылау камераларына түскен жазбаға қолжетімділік жағы қатаңдатылды. Яғни «Сергек» немесе басқа камераға түскен видеоға кез келген адам қол жеткізе алмайды», - дейді ол.
Бұған дейін аталған басқарма басшысы елордада митинг өтетін алаңдарға бейнебақылау камерасы қойылғанын айтты.