Елордада Бибігүл Төлегенованың 85 жылдық мерейтойына арналған гала-концерті өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Астана Опера» опера және балет театрының сахнасында КСРО және Қазақстан Республикасының халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, қазақтың бұлбұлы атанған Бибігүл Төлегенованың 85 жылдық мерейтойына арналған «Сүю, үміттену және сену» атты гала-концерті өтеді, деп хабарлады astana-akshamy.kz.

Бағдарламаға қазақстандық және шетелдік композиторлардың операларынан ариялар, халық әндері, романстар және т.б. шығармалар енген. Сондай-ақ, көрермендер алдында «Астана Опера» хоры және симфониялық оркестрінің қатысуымен мерейтой иесінің құрметіне белгілі қазақстандық опера әншілері, шәкірттері, оның дәстүрін жалғастырушылар, Бибігүл Төлегенова конкурсының лауреаттары және басқалары ән шырқайды.

Көрме ұйымдастырылып, онда Б.Төлегенованың қойы¬лымдарға және концерттерге киген костюмдері, жеке заттары мен әр жылдары алған марапаттары қойылады. Сонымен қатар, әншінің өміріне және шығармашылығына арналған фотогалереяны да тамашалауға болады.