Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, билер мектебін ашу идеясы Қарағандыдағы «Қазыбек бидің қызметі мен шығармашылығы қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды факторы ретінде» ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылған.
Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор Мырзатай Жолдасбеков көптен бері билер мектебін ашу туралы идеяны ұсынбақшы болғанын жасырмады. «Қазір жастардың көбісі гаджеттерге үңіліп, қарым-қатынас жасау қабілетін жоғалтуда, - деді Мырзатай Жолдасбеков. - Мен көптен бері Астанда үш биге - Төле, Қазыбек және Әйтеке биге арналған билер мектебін ашуды ұсынғым келген. Бұл мектептерде біз балаларға тарихты, шешендік өнерді, дипломатияны үйрете отырып, дәстүрлі құндылықтармен сусындатар едік».
Профессор, сондай-ақ, Абай Құнанбаевқа арналған осындай мектепті ашу қажеттігін атап өтті.
Әкім баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, жазушы және публицист Алдан Смайыл шешендік өнер курстарын ашуды ұсынды.
«Өскелең ұрпақты әдемі сөйлеп, өз ойын еркін жеткізуге үйрету қажет. Мен Қазыбек бидің шешендік өнерін тақырып бойынша бөлімдерге және кезеңдерге бөліп, жастарға үйретуді ұсынамын», - деді жазушы.
Айта кетейік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік конференция Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған.