Елордада былтыр 17 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар Коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде 2025 жылдың қорытындысы бойынша халықты жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың үшінші тоқсанында Астанадағы жұмыссыздық деңгейі 4,3 пайызды құрап, республикалық көрсеткіштен төмен болған.

– Қазіргі таңда Астанада жұмыссыз ретінде тіркелген 15 068 адам бар, олардың 5 292-сі – жастар. 11 мыңнан астам азамат жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алып отыр, ал 1 947 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысып жатыр, - дейді орталық директоры.

2025 жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту шараларымен барлығы 17 146 адам қамтылған. Оның ішінде 3 145 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылған. Сонымен қатар 3 253 адам қоғамдық жұмыстарға, 1 052 жас жастар практикасына, 260 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген. «Күміс жас» жобасы аясында 798 адам еңбекке тартылған. 

Олжас Қобландыұлының айтуынша, кәсіпкерлікке баулу мен оқыту бағытында да нақты нәтижелер бар.

– «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 3 209 адам оқытылып, 126 азамат жаңа бизнес-идеяларын іске асыру үшін мемлекеттік грантқа ие болды. Skills.enbek.kz порталында онлайн-оқытудан 1 969 адам өтті, - деді ол.

Жыл қорытындысында Астанада 84 044 жаңа жұмыс орны құрылған. Оның 76 544-і тұрақты, ал 7 500-і уақытша жұмыс орындары. ENBEK.KZ порталында 500-ге жуық жұмыс берушіден 4 мыңнан астам бос жұмыс орны тіркелген.

Әлеуметтік осал топтарды қолдау да орталық жұмысының маңызды бағыты болып отыр. 2025 жылдың басынан бері орталыққа 2 091 мүгедектігі бар азамат жүгінген. Соның 810-ы жұмыспен қамтылған.

– Мүгедектігі бар азаматтардың басым бөлігі қоғамдық жұмыстарға, «Бастау Бизнес» жобасына және онлайн-оқытуға тартылды. Бұл – олардың еңбек нарығына бейімделуіне мүмкіндік береді, - деп атап өтті Олжас Омар.

Атаулы әлеуметтік көмекке қатысты да оң динамика байқалады. 2025 жылы АӘК тағайындау үшін 18 548 отбасы өтініш білдіргенімен, соның тек 1 729 отбасына ғана көмек тағайындалған.

– Алдыңғы жылдармен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмекке тәуелділік азайып келеді. Бұл – жұмыспен қамту шараларының тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш, - деді орталық басшысы.

Айта кетейік, 2023 жылы АӘК алу үшін 27 911 отбасы жүгінсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 19 635 отбасыға дейін төмендеген.