Елордада бір кеште екі той өткізілгені анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада бір кеште екі той өткізілгені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Елорданың мониторинг топтары тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді. Қаланың кейбір кәсіпкерлік нысандары ескертуге, жауапкершілікке тартылғанына қарамастан карантин шектеуін жүйелі түрде бұзып, есігін жауып алып жұмыс істеуін тоқтатар емес.

Кеше, 7 тамызда елорданың мониторинг топтары қаланың 20 мекемесінде карантин талаптары бұзылғанын анықтады.

Сонымен Есіл ауданындағы 6 нысанда тиісті талаптар сақталған жоқ. Қоғамдық тамақтану орындарының сенбі және жексенбі күндері келушілерді қабылдаған. Тыйым салғанына қарамастан, «Altyn shef restoran» мейрамханасында көп адамның қатысуымен той өтті. Сондай-ақ, «Мята» лаундж-бары, «Chechil Pub», «Tequilla» барлары, «Золото» мейрамханасы, «Alanya» клубы жұмыс режимін сақтаған жоқ.

Карантин шектеуінің сақталмауы Сарыарқа ауданында орналасқан «Бүркіт», «Темірлан» кафелерінде, «Jin» лаундж барында, «Respawn» компьютер клубында, «Discovery coffee» кофеханасында, «Арман Қала» мейрамханасында, «Сауна на дровах», «Империя меха» дүкенінде тіркелді.

Алматы ауданындағы карантинді бұзушылар тізімінде «Бақ сарай» мейрамханасы, «Охота» саунасы, «Рыба моей мечты» караоке бары, «Алания» түнгі клубы, «ХЗ» бары бар. Сонымен қатар, Жанкент көшесіндегі жеке үйлердің бірінде той өткізілгені анықталды.

Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті шара қолдану үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті органға берілді.

Айта кету керек, Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық ахуалды бағалау бойынша бес айдан бері «қызыл» аймақта тұр.