Елордада бір күнде 10 ойын-сауық орны карантин талаптарын бұзған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорданың мониторингтік топтары кәсіпкерлік нысандары арасында карантин шараларының сақталуын күнделікті тексеруде. Рейдтер қаланың жүзден астам мекемесін қамтиды, олардың кейбірінде санитарлық нормаларды бұзу жүйелі түрде анықталып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

29 қыркүйекте елордада карантинді бұзған 10 мекеме анықталды.

Алматы ауданында орналасқан «Панаехали» барында, «Sova» караоке-барында және «Alanya» түнгі клубында белгіленген жұмыс режимі сақталмаған.

Байқоңыр ауданында карантинді бұзу фактісі «Панаехали» барында тіркелді.

Есіл ауданында бұзушылар тізіміне 6 қоғамдық тамақтану орны кірді: «the ДЫМ» лаундж-бары, «Respublika», «Derby pub», «Панаехали», «TEQUILA» барлары және «INFORNO» мейрамханасы бар.

Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті әкімшілік шаралар қабылдау үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті органға тапсырылды.

Айта кету керек, COVID-19 көрсеткішінің төмендеуіне қарамастан Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық ахуалды бағалау бойынша «қызыл» аймақта қалып отыр. Пандемияны тоқтату және карантинді жеңілдету үшін елорда тұрғындары мен қонақтары вакцинациядан өтіп, санитарлық нормаларды – маска режимін, әлеуметтік қашықтықты, қол гигиенасын қатаң сақтауы керек.