Елордада бір оқушыны мектепке дайындау үшін қанша теңге жұмсалады?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үйдің кішісі өзінен үлкен аға-әпкелерінің «ескісін» кие салатын заман жоғалып бара жатыр. Мектеп жасындағы бес-алты баласы тетелес өскен отбасылардың көбі үшін бұл құбылыс - ностальгия.

Ал, қазір ата-ана, әсіресе, қаладағы ата-ана әр баласын мектепке жеке-жеке дайындайды. Бұл бір жағынан елдегі әлеуметтік жағдайдың жақсарғаны, оның үстіне, мектептердегі жаңа тәртіптермен байланысты десек, екінші жағынан отбасында бір ұл, бір қыздан басқа сәби үні естілмей қалған бір кездегі демографиялық келеңсіздіктің белгісі де шығар.

Бірақ, біздің бүгінгі айтпағымыз демографиялық ахуал емес. Бүгінгі әңгіме - баланы мектепке дайындаудың арифметикасы туралы болмақ. Сондықтан, 1 қыркүйек қарсаңында, Астана қаласында бір оқушыны мектепке тас-түйін етіп дайындау үшін неше теңге кетеді деген мәселе төңірегінде әлеуметтік талдау жасауды жөн көрдік.

Ең алдымен, баланың бойына білім сіңіретін - кітабы. Білім және ғылым министрлігі бұл ретте оқушылардың 98 пайызға жуығы мектеп бағдарламасындағы кітаппен толық қамтылғанын айтып отыр. БҒМ мектепке дейінгі және орта білім беру, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева 10 тамыздан бастап 1-сынып оқушыларына жаңа оқу жылының кітаптары үлестіріле бастайды дегенді хабарлаған болатын. «Барлық мектеп басшылары, қалалық, облыстық, аудандық білім бөлімдерінің басшылары ата-аналармен бірге 10 тамыздан бастап 1-сынып оқушыларына оқулықтар тарата бастайды. 10 тамыз күні 1-сыныптың оқулықтарын алу үшін ата-аналарды мектепке келуге шақырамыз. 11 тамызда 2,3-сыныптарға, 12 тамызда 4,5-сыныптарға, ал 18 тамыздан бастап 11-сыныптың балаларына оқулық таратылады»,-деген еді шілде айының соңында журналистердің сұрағына жауап берген департамент директоры.

Қош, мемлекет оқушыларды түгелдей кітаппен қамтып отыр делік. Бірақ, Жаңыл Жонтаева ескерткендей: «мемлекет оқулықпен қамтамасыз етсе де осы оқулықтарға қосымша жүретін дәптерлерді, атлас карталарын, өзге де қажеттіліктерді сатып алып беру ата-ананың мойнында». Ал, Астана дүкендеріндегі бағаларға сай, бір оқушыға қажетті канцтауарларын алып беру үшін орташа 9000 теңге кетеді. Бұл 9 000 теңге ішіне жоғарыда айтқан атлас карталар, қосымша дәптерлер мен жай дәптерлер, қалам, қарындаштың құны кіреді.

Ал, осы кітап-құралдарын салатын сөмкелердің орташа бағасы елорда дүкендерінде 5000 теңгеден басталып, 25 000- 27 000 теңгеге дейін барады. Яғни, сапасы жақсырақ, сәні де келіскен сөмкелерді 8000-9000 теңгеге сатып алуға болады.

Енді, киім-кешек құнына тоқталсақ. Жалпы, мектептердің өзі талап ететін арнайы форманы тіктіру үшін шамамен 15000-20000 теңге кетеді. Ал, егер, мектеп формасы болмаса, елордадағы ата-аналар ұл баласына костюмді орташа есеппен 6000 теңгеге, шалбарды 7000 теңгеге, ақ жейделерін 6000 теңгеге сатып алады екен. Ер балаларға арналған сапалы спорттық киімнің бағасы 10000-17000 теңге аралығында.

Қыз балаларымыздың киімдеріне де сапасы мен сатылып тұрған орнына қарай әртүрлі баға белгіленген. Қыз баланың белдемшесін Астана дүкендерінде 5000 теңге және одан да жоғары бағаға сатып алуға болады. Ақ жейделері 6000-7000 теңгеден сатылса, спорт сабағына арналған форманы 10 000 теңгеден бастап 17 000 теңге аралығында сатып алуға болады.

Ал, оқушылардың аяқ киімдері сапасына қарай 5000 теңгеден басталып тіпті 20-30 мың теңгеге дейін барады. Ал, қарапайым халықтың қалтасы көтеретін баға шамамен 8000 теңге екен. Бірақ, қазір балаңызға бір аяқ киім аз болады, себебі, қазір қала мектептерінің барлығы екінші аяқ киім талап етеді. Сондықтан, бір баласына қос аяқ киім алатын ата-ана жеңілдік талап етіп, 5000-8000 теңгеге бір маусымға шыдайтын аяқ киім сатып алады.

Осылайша, Астананың дүкендері мен базарларындағы бағаны біле отырып, бір баланың мектепке керек-жарағы шамамен неше теңге болатынын өзімізше есептедік. Сөйте келе, ата-ана Астана қаласында бір оқушы баласын бастан-аяқ киіндіріп, керек-жарағын толық алып беру үшін ең кемінде 50 000 теңге жұмсайтынын анықтадық. Ата-аналардың айтуынша, дүниені ең арзан бағамен алдым деген күннің өзінде осынша қаражат кетеді екен.