Елордада «Бір тамшы қан - өмір сыйлау» атты қан тапсыру акциясы өтуде

АСТАНА. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін, мамырдың 4-і күні елордада «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында «Бір тамшы қан - өмір сыйлау» атты қан тапсыру акциясы басталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осынау игі шараны ҚР Парламенті Сенатының депутаты Анатолий Башмаков, «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы басшысының бірінші орынбасары Әмірхан Рақымжанов бастап беріп, қан тапсыруға арналған арнайы автобуста бірінші болып қандарын тапсырды. Осылайша Ә. Рақымжанов пен А. Башмаков, «қала тұрғындарын қан тапсыру акциясына қатысуға шақырғымыз келді», деп отыр.

Сенатор А. Башмаковтың айтуынша, акция Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналады. «Елімізде донорлықтың маңыздылығы, мәні төмендеп кетті. Мен өзімнің азаматтық аз ғана белсенділігіммен бұның аса қажетті екендігін білдіргім келді», деп атап көрсетті ол.

«Елдің елдігін, мықтылығын танытатыны - халықтың денсаулығы. Осы акция арқылы қаншама адамдардың өмірі сақталады», дейді Ә. Рақымжанов.

Қан орталығының қызметкерлері, донорлар қозғалысын жандандыру туралы үндеуге тек ұйымдар ғана емес, қарапайым халықтың да белсене үн қатып отырғанын қуанышпен айтуда. Аймақты қанмен қамтамасы ету үшін әрбір 1000 тұрғынға 50-55 донордан келу керек екен. Донорлық медицинаның онкология, травмотология, хирургия, жансақтау, геронтология сынды салаларына аса қажет болып саналады.

Аталмыш шара «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы, Қан орталығы және денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.