Нұр-Сұлтанда көктайғақ салдарынан жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Осыған байланысты полиция өкілдері көлік тізгіндеген тұрғындарды абайлап жүруге шақыруда.
«Бүгін, 20 наурызда Тұран даңғылы жақтан Қорғалжың тасжолымен кетіп бара жатқан маршруттық автобус көктайғақ кесірінен жарық бағанасына соғылды. Салдарынан діңгек «Лада Гранта» көлігіне құлап, зақым келтірді. Оқиға салдарынан адам зардап шеккен жоқ», - деп жазады елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ал таңғы сағат 08.05 шамасында Н.Тілендиев даңғылында маршруттық автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жеңіл көлік пен тоқтап тұрған жүк көлігіне соғылған.
«Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеуде. Жедел жәрдем бригадасы автобус жүргізушісіне көмек көрсетіп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті жүргізушілерге қозғалыс кезінде абай болып, жылдамдық пен қауіпсіз қашықтық ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертеді. Сонымен бірге жаяу жүргінші жолағына жақындағанда жылдамдықты барынша азайтып, мұқият болуды сұрайды» - дейді департамент өкілдері.