Елордада бірінші халықаралық білім форумы басталды

АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Көрме» кешенінде тұңғыш халықаралық білім форумы мен «WORLDDIDAC Astana 2013» білім және кәсіптік даярлыққа арналған технологиялар көрмесі жұмысын бастады.

Форум ауқымында ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімовтің қамқоршылығымен жүзеге асырылып жатқан «WikiBilim» қоғамдық қорының жобалары стендісі қойылған.

«Біздің стендімізде «Википедия» бүкіләлемдік энциклопедиясының қазақ бөлімін, сондай-ақ Қазақстанның ашық кітапханасын дамыту жөніндегі материалдар қойылған» - деп нақтылады ҚазАқпарат тілшісіне «WikiBilim» қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы.

Сонымен бірге көрмеде Қазақстанның ашық кітапханасының веб-сайтының ұялы нұсқасы және қазақ тілі әмбебап сөздігі мен «Википедия» қазақ бөлімінің мобильдік қосымшалары таныстырылды.