Елордада бірнеше әйелді зорлап, бағалы заттарын тартып алған күдікті қолға түсті

АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елордада бірнеше әйелді зорлап, бағалы заттарын тартып алған күдікті қолға түсті. Бұл туралы бүгін брифингте Астана қалалық ішкі істер департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораз мәлім етті.

«Астана қалалық ІІД Тергеу басқармасының қызметкерлері Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген, елордада уақытша тұратын 23 жастағы азаматты ұстады. Жеке көлігімен адам таситын күдіктіге бірнеше әйелді зорлап, тонаумен айналысқан деген айып тағылып отыр. Ұсталған адам бұрын сотталмаған, елордаға табыс табу үшін келген. Әкесінің автокөлігімен жолаушыларды тасымалдау қызметімен айналысқан. Өзі Павлодар қаласында тұрады, әйелі және кішкентай баласы бар», - деді ол.

Оның атап өтуінше, ағымдағы жылдың наурызында ол елордалық 3 әйелге зорлық-зомбылық көрсету және тонау мақсатында шабуыл жасаған. Күдікті өз қылмысын жәбірленушілер түнгі мезгілде көңіл-көтеру орындарынан шығып, таксиге отырған кезде жасаған. Ол адам жоқ жерде көлігін тоқтатып, алдымен қарсылық көрсеткен әйелдерді соққыға жығып, зорлап, соңынан әйелдердің заттарын, ақшасын, телефондарын тартып алған. Соңғы жәбірленуші «бас миының жаралануы, жабық бас сүйегінің зақымдануы, бас миының шайқалуы» диагнозымен ауруханаға жатқызылған.

«Жедел-іздестіру шарасы барысында полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді. Ұстау кезінде айыпталушы белсенді қарсылық көрсетіп, бұрағышпен полиция қызметкерін жаралауға ұмтылды. Автокөлікті тексеру кезінде жәбірленушілерге тиесілі айғақ заттар табылды», - деді Н.Ораз.

Оның айтуына қарағанда, тергеу барысында жәбірленушінің бірі такси жүргізушісі «К» есімді азаматты танып, шабуыл жасаған сол жігіт екенін айтып отыр. Қазіргі уақытта күдіктінің үстінен ҚР ҚК 120-бабы 1-бөлімі, 121-бабы 1-бөлімі, 178-бабы 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті Астана қалалық ІІД уақытша ұстау орнына қамалды.

Осыған орай полиция қызметкерлері осындай жағдайларға душар болған немесе такси жүргізушілерінің шабуылына ұшыраған азаматтар болса, Астана қалалық ІІД-нің 71-63-46, 71-61-45 телефон нөмірлеріне немесе тұрғылықты мекен-жайы бойынша аудандық ІІБ хабарласуын сұрайды.