Елордада бірнеше жаяу жүргіншілер өткелі алынып тасталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қалада үш реттелмейтін қиылыстағы жаяу жүргіншілер өткелдері алынып тасталды. Атап айтқанда, Республика даңғылында «Жастар» сарайына қарсы, Тұран даңғылында «Думан» ойын-сауық орталығына қарсы және қалалық әкімдіктің жанында Абай даңғылында орналасқан өткелдер бағдаршам нысандарының жанында болған. Авариялық жағдайларды болдырмау және жаяу жүргіншілерді қағып кету сияқты ЖКО-лардың алдын алу мақсатында өткелдер алынып тасталды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Астана қаласының ІІД Әкімшілік полиция басқармасы жол және техникалық инспекция бөлімінің басшысы, полиция майоры Берік Жолдасбековтың айтуынша, қалада реттелмейтін 500 жаяу жүргіншілер өткелі бар, ал алынып тасталған үшеуі ең қауіпті учаскелер болып саналған.

-  Республика және Тұран даңғылдары бірінші санаттағы жолдар болып табылады - бұл алты жолақты жолдар, сондықтан онда жерүсті немесе жерасты өткелдер немесе реттелетін бағдаршам болуы керек. Қазіргі кезде талдау жүргізіп, қаланың басқа учаскелерін де зерттеп жатырмыз, - деді Берік Жолдасбеков.

Бағдаршам нысандарының жанында орналасқан ЖКО жиі орын алатын жаяу жүргіншілер өткелдері анықталған жағдайда, олар алынып тасталады.