Елордада биыл 170 мың шаршы метр аумаққа 9 млн түп гүл егілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ас¬тана-Көгалдандыру құрылысы» АҚ құрамында орман тәлімбағы жұмыс істейді. Бұл тәлімбақтың жұмыс істеп келе жатқанына да жарты ғасырға жуық уақыт болды. Жалпы көлемі 349,5 гектар аумақты алып жатыр. Бүгінде біздің тәлімбақта 39 түрлі ағаш-бұта тұқымы өсіріледі, деді «Астана-Көгалдандыру құрылысы» АҚ-тың басқарма төрағасы Жарқын Жұмағұлов «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.

Солардың ішінде бұрын бұл аймақта мүлде тамыр жаймаған 16 ағаш-бұта және гүл тұқымы жергілікті жағдайға жерсіндіру арқылы қазір қаламызда өндірістік ауқымда өсіріле бастады.

Олардың қатарында ұсақ жапырақты жөке, үшкір жапырақты үйеңкі, долана, болле терегі сияқты ағаштарды, қызыл бүрген, ақшатыр, раушан сияқты гүлдерді атауға болады. Жалпы алғанда, тәлімбақта 580 мың ағаш көшеттері, оның ішінде 250 мың дана жапырақты ағаштар, 258 мың дана бұталар, 72 мың қылқан жапырақты ағаштар өсіріледі. «Жыл сайын тәлімбақ қала көшелерінде өсіру үшін 50 мың түп ағаш көшеттерін береді. Елорда орналасқан аймақтың күрделі топырақтық-климаттық ахуалын ескере келіп, біз ағаш егуде мүлде жаңа агротехникалық тәсілдерді қолданамыз. Соңғы 10 жыл ішінде қаламызда 1 миллион түптен астам ағаш көшеттері мен бұталары отырғызылды. Өндірістік жоспарымызға сәйкес үстіміздегі жылы аудандық әкімдіктермен бірлесе отырып, 5086 дана ірі өлшемдегі ағаш көшеттерін отырғызуды жоспарладық. Қазіргі кезде әкімдіктер аумағында ағаш және бұта түптерін егу жалғасуда», - дейді Жарқын Жұмағұлов. Оның айтуынша, соңғы уақытта қаланы сан түрлі гүлдермен көмкеруді дәстүрге айналдырып келеді. Гүлзарлардың аумағы жыл сайын кеңейтіліп отырады. Биылғы жылы ол 170 мың шаршы метр аумақты қамтымақ. Осындай көлемге 9 миллион түп гүл егілді. «Соңғы 10 жыл ішінде қаламыздағы гүлстан көлемі 3 есе өсірілді. Гүл егілетін гүлзарлардың жобасын тиісінше біздің ландшафтық-жобалау шеберханасы жасайды. Сонымен бірге, кейінгі кезде біздің кәсіпорын өсімдіктерді күзеп реттеу арқылы жасыл мүсіндер жасау дәстүрін тәжірибеге енгізіп келеді. Қазір қаламызда осындай 19 жасыл мүсін көз тартады. Бұл мүсіндерді кез келген жасыл өскендерден жасай беруге болмайды. Ол үшін 1 шаршы метр арнайы аумаққа 2 мың түп өсімдік өсіріледі. Биылғы жылы қала бойынша көшелерді қоршаған темір шарбақтарға гүл өсірілген 3786 аспалы қыш құмыралар ілінетін болады. Атап айтқанда, Алматы ауданында - 641, Есіл ауданында - 2588, Сарыарқа ауданында 557 гүл өсірілген құмыралар жол бойында көшелерге көрік беріп тұрады», - дейді ол.