Елордада биыл 5 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсады - Құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесі

None
АСТАНА. 29 сәуір. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астана қалалық прокуратура өкілдерінің мәліметтерінше, жасөспірімдердің өз-өздеріне қол жұмсау әрекеттері елордадағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясының назарынан тыс қалып отыр.

Бұл туралы бүгін Астана қалалық құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің мәжілісінде мәлім болды.

Прокуратура таратқан мәліметтерге қарағанда, қоғам арасындағы маңызды мәселелердің бірі - балалар арасындағы суйцид оқтиғалары соңғы уақытта өсіп барады. Мысалы 2009 жылы өзіне-өзі қол жұмсаумен байланысты 12 оқиғаның біреуінде жасөспірім мерт болды. Ал 2010 жылы суйцид әрекеттерінің саны 31-ді құрап, 14 бала мерт болды. Олардың 9-ы мектеп оқушылары, ал 5 бала өзге оқу орындарының шәкірттері. Биылғы жылдың өзінде елордадағы жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол салумен байланысты 5 оқиға орын алып, оның біреуі адам өлімімен аяқталды. Соған қарамастан кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау комиссиясы аталмыш мәселені зерттеп, мәжіліске салмаған.