Елордада «BKS Эйр Астана марафоны - 2015» қайырымдылық шарасы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жексенбі күні, 13 қыркүйекте елордада алғаш рет «BKS Эйр Астана марафоны - 2015» қайырылымдық шарасы өтеді. Марафонның ұзақтығы 42 км 195 метрді құрайды. Жарыс 4 қашықтыққа және 2 маршрутпен өткізіледі.

Бүгінде марафонға 560, оның ішінде 18 мемлекеттен 158 спортшы қатысады.

«BKS Эйр Астана марафоны» қайырымдылық шарасын өткізуге арналған баспасөз мәслихатында Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Бақытжан Малыбаев, марафон кезінде жол қозғалысының кестесін ұйымдастыру жайлы егжей-тегжейлі айтып өтті. 13 қыркүйекте сағат 8.00-ден 14.30-ға дейін Тұран даңғылындағы «Тұлпар» көпірінен Қабанбай батыр даңғылындағы айналма жолға дейін, Қабанбай батыр даңғылынан «Қараөткел» көпіріне дейін, Қорғалжын тас жолынан Тұран даңғылы мен «Астаналық» саябағына дейін көлік қозғалысы шектеледі. Бұл жол 21 км 97,5 м құрайды.

Марафон барысында Тұран даңғылының бойымен Кенесары көшесінен Сарыарқа көшесіне дейін әуежай жолынан Қабанбай батыр даңғылындағы айналма жолдан «Қараөткел» көпіріне дейін жол қозғалысы шектеледі.

Кептелістерді болдырмау мақсатында жүргізушілерден айналып өтудің балама жолдарын қолдану қажеттілігі ескертілді.

Бірінші айналып өту жолы: Сарыарқа көшесінен Тұран даңғылы - Бөгенбай батыр даңғылы жақтан Тілендиев көшесі бойымен Бейсеков көшесіне - Сығанақ көшесінен Орынбор көшесі немесе Сейфуллин көшесі арқылы Бейсеков көшесіне - Сығанақ көшесі - Орынбор көшесі.

Екінші айналып өту жолы: сол жағалауға өту үшін Қабанбай батыр даңғылындағы айналып өтуді Тәшенов көшесіне Орынбор көшелері арқылы жүзеге асыруға болады.

Астаналық халықаралық әуежайға жол тартқан қала тұрғындары мен қонақтары, «Қосшы» кентінен келе жатқандар үшін айналып өту жолы: Қабанбай батыр және Тұран даңғылы арқылы әуежай тас жолымен Орынбор көшесіне одан әрі М-1 көпірі арқылы Сарайшық көшесіне немесе М-2 арқылы Ташенов көшесіне және М-2 көпірі арқылы Сығанақ көшесіне өту ұсынылды, деп хабарлайды astana.kz.