«Тәулік бойы қала аумағында орналасқан блок бекеттерде полиция қызметкерлері, Қарулы Күштердің әскери қызметшілері, Ұлттық гвардияның өкілдері кезекшілік етті. Сонымен бірге, блокпостарда әскерге шақырылғандар да кезекшілік етті. Қалаға кіріп-шығуға тыйым салу Covid-19 індетінің таралуын азайтуға мүмкіндік берді.
Блокпостарға кіру және шығу үдерісі толығымен автоматтандырылған. Полиция қызметкерлерінің планшеттеріне енгізілген электрондық база тәртіпбұзушылықты анықтауға көмектесті. Мысалы, бірқатар кәсіпорындар қала бойынша жүріп-тұру үшін анықтаманы қолдан жасауға тырысты. Азық-түлік жүктері үшін «жасыл дәліз» ұйымдастырылды, ол арқылы қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін қызметкерлер де өте алды. Блокпостардағы жағдайды дрондармен бақылау мүмкін болды», - деп жазды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, өткізу-бақылау бекеттерін алу - қалыпты өмір сүру дағдысына ораламыз дегенді білдірмейді.
«Қалада медициналық маска киіп жүру қажет. Тұрғындар санитарлық нормаларды қатаң сақтауы керек. Маска киіп, ара қашықтықты сақтап, қолды антисептикпен өңдеген жөн», - деп толықтырды ол.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан қалалары арасындағы блокпостар алынатындығы туралы хабарлаған болатынбыз.