Елордада бокстан өткен Қазақстан біріншілігінде негізінен жас түлектер жеңіс тұғырына көтерілді

АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат - Қаңтардың үшінші аптасында елордада бокстан Қазақстан біріншілігі өтті. Осы жарысқа еліміздің барлық өңірінен 212 боксшы қатысты.

Бір апта өткен жарыс қаңтардың 23-і күні өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанадағы сәні мен салтанаты келіскен «Дәулет» спорт кешенінде өткен былғары қолғап шеберлерінің тартысты бәсекелері жанкүйерлердің көңілінен шықты.

Жоғары деңгейде өткен жарыста негізінен жас түлектер жеңіс тұғырына көтерілді.

Ел біріншілігінде астаналықтар 19 жасар Ілияс Сүлейменов (48 кг), 18 жасар Данияр Елеусінов (64 кг), 21 жастағы Данияр Төлегенов (54 кг) және шығысқазақстандықтар 20 жасар Мирас Жақыпов(51 кг), 19 жасар Айдар Әмірзақов (60 кг), 25 жасар Манат Өмірзақов (69 кг), тәжірибелі боксшы Данабек Сужанов (75 кг) алтын медальға ие болып, биік тұғырға көтерілді.

Сонымен қатар өзге салмақтарда қарағандылық Алмат Серімов (81 кг), үш қостанайлық боксшы Аслан Мұқанов (57 кг), Жан Кособуцкий (91 кг), Иван Дычко (91 килодан жоғары) бокстан 2010 жылғы Қазақстан біріншілігінің жеңімпаздары атанды.