Елордада «Болашақ» стипендиаттары Наурыз мерекесін атап өтуде

СТАНА. Наурыздың 22-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанадағы «Хан шатыр» сауда орталығының алдында тігілген жүздеген киіз үйлердің бірінде ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегерлері қауымдастығы Наурыз мейрамын мерекелеу шеңберінде өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Наурыз мейрамы - Шығыс халықтарының көбінде мұсылман дінін қабылдаудан көп бұрын пайда болған, ежелден келе жатқан мереке», дейді ұйымдастырушылар.

Стипендиаттар өздерінің концерттік бағдарламаларында ұлттық аспаптарда күй тартып, қазақ әндерін шырқайды. Сонымен қатар қазақтың салты - «балаға ат қою» рәсімін жасайды.

«Әз-наурыздың біз үшін ерекше маңызы бар. Себебі бұл біздің жаңа жылдың басталуын білдіретін, ұрпақтан- ұрпаққа жалғасып келе жатқан мереке. Тағы бір қуантатын жайт, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының шешімімен Наурыз мерекесі халықаралық мәртебеге ие болды. Бұл тарихи маңызы бар оқиға. Сондықтан Астана қонақтарына, тұрғындарына, келген шетелдіктерге, өзіміздің қазақтың жастарына қазақтың салт-дәстүрлерін паш ету мақсатында біздің «Болашақ» стипендиаттары бұл тойды биік, мерекелі дәрежеде тойлауда. Біздің елімізге деген сүйіспеншілікті, өзіміздің салт-дәстүрлерімізді, тарихымызды тани білетінімізді көрсетуіміз керек», дейді Қауымдастық кеңесінің мүшесі Алтай Көлгіпов.

Арнайы мерекеге орай, шетелде білім алып жүрген «Болашақ» стипендиясының иегерлері өздерінің бейне жолдауларын жіберген.