Елордада Болат Сарыбаевтің музыкалық аспаптар коллекциясы қойылған көрме ашылды
17:20, 15 Мамыр 2009
АСТАНА. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада Президенттік мәдениет орталығында дәстүрлі қазақ музыкасын зерттеуші,
ұлттық музыка аспаптарын жинаушы, профессор Болат Сарыбаевтің музыкалық аспаптар коллекциясы қойылған көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұнда қазақтың ұлттық аспаптарынан басқа Кубаның дауылпазы мен сылдырмағы, Үндінің төл аспаптары саналатын кеманча, чиде, қос сылдырмақ бар. Сирия, Хакас, Лаос елдерінің музыкалық аспаптары, түркі халықтары мен мажарлардың комус, дойра сынды ұлттық аспаптары да жұртшылық талғамына ұсынылып отыр. Б.Сарыбаевтің коллекциясында 315 дана экспонат бар, оның 292-сі музыкалық аспаптар. Дегенмен, ең құнды жәдігер - қазақтың әйгілі күйшісі Дина Нұрпейісованың домбырасы. Б.Сарыбаев Динаның отбасымен тығыз қарым-қатынаста болған. Музыкаға, домбырашылыққа баулыған алғашқы ұстазы - Дина апасы.