Елордада бүгін «Astana-Open 2016» шахмат фестивалі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның түкпір-түкпірінен және таяу шет мемлекеттерден келген 250-ге жуық шахматшы жыл сайынғы «Astana-Open 2016» шахмат фестиваліне қатысады. Шараны Астана қаласының әкімдігінің және Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен Шахмат федерациясы және «Гамбит» шахмат мектебі ұйымдастырады.

Жарыстың басты мақсаты - балалар мен жасөспірімдер құрамасын әлем біріншіліктеріне дайындау. Оған халықаралық гроссмейстерлер, жасөспірімдер арасындағы Әлем және Азия біріншіліктерінің, чемпиондары мен жүлдегерлері, шеберлер қатысады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Фестиваль бағдарламасына балалар мен ересектер арасындағы түрлі форматтағы бес турнир енгізілді: халықаралық гроссмейстерлер мен шеберлердің қатысуымен өтетін блиц-турнир, опен-турнир, спорт шеберіне кандидат нормасы бар турнир, 8-ден 12 жасқа дейінгі балалар арасындағы «Жас жұлдыздар» турнирі.

Фестиваль халықаралық шахмат күні - 20 шілдеде сағат 17.45-те М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында өтеді.