Елордада «Бүгінгі отаншылдық: жеңістің мерейтойына» атты кітаптың таныстырылымы өтті

СТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордада Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына орай жарық көрген «Бүгінгі отаншылдық: жеңістің мерейтойына» атты кітаптың таныстырылымы өтті.

Қазақстанның ақпараттық саясаты институты шығарып отырған оқу-әдістемелік құралын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор Ләйлә Ахметова бастаған шығармашылық топ құрастырған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылғы «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Үстіміздегі жылы біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын атап өтеміз. Бұл біздің ортақ тарихымыздағы маңызды дата. Әрбір соғысқа қатысушы мен соғыс мүгедегіне бюджеттен 65 мың теңге мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленетін болады», деген сөзінен басталған кітапта 1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыс тарихына қатысты эксклюзивті материалдар, қазіргі күнгі отаншылдық мәселелері бойынша әлеуметтік зерттеулердің қорытындылары, соғыс барысына қазіргі заманғы көзқарас берілген. Сонымен қатар соғыс жылдары Қазақстанға басшылық жасаған Н.Скворцов пен Ж.Шаяхметов туралы материалдар да қоса жарияланып отыр. Алғашқы бөлімде мамырдың 9-ын мерекелеуге орай БАҚ-тарда жарияланған мақалалар топтастырылса, соңғы бөлімде отаншылдық тақырыбын қамтыған мақалдар, қанатты сөздер қамтылған.

Шара барысында сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының бас кеңесшісі Жанна Қайкенова Ұлы Отан соғысының одақтас мемлекеттерге тигізген зияны орасан болғандығын айта келіп, бірқатар нақты деректер келтірді. Соғыс жылдары 26 миллионнан астам кеңес азаматы қаза тапқан. Неміс басқыншылары 1710 қала мен қала типтес елді мекенді, 70 мыңнан астам ауылды, 98 мыңнан астам ұжымшарды, 1786 кеңшарды, 6 миллионнан астам ғимаратты жермен-жексен етіп, 32 мыңнан астам кәсіпорынды қиратқан. Жалпы Кеңес Одағы 30 пайыздан астам ұлттық байлығынан айырылған.

Астана қалалық ішкі саясат басқармасы үкіметтік емес ұйымдар бөлімінің бастығы Руслан Қамаш Ұлы Отан соғысы адамзат тарихында ең көп адам шығынын, ауыр қасіретті әкелген соғыс екендігін айта келіп, «осы соғыс жылдарында ерен ерлік көрсеткен аталарымыздың, әкелеріміздің ерлігі мәңгілік жадымызда сақталады. Олардың асқан ерлігін ұмытпай жаңғыртып отыру ұрпақтар парызы. Осыған орай ағымдағы жылы «Момышұлы 100 жыл» атты кітапты жарыққа шығарайық деп отырмыз», деді өз сөзінде. Оның айтуынша, Ұлы қолбасшының 100 жылдық мерейтойына орайластырылып отырған басылым Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына дейін жарық көрмек.