Елордада бұрқасын соғып, көктайғақ болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазгидрометтің хабарлауынша, солтүстік-батыстан үлкен жылдамдықпен циклон жақындап келеді. Ертең, 9 қараша күні таңғы сағат 6-да ол Қостанай облысына, ал 18:00-де СҚО-ға жетеді. Осыған байланысты жел күшейіп, бұрқасын тұрады, көктайғақ болады.

Ақмола облысының аумағында 15-20 м/с жылдамдықпен жел тұрады, оның екпіні 23-25 м/с жетеді. Кей жерлерде желдің жылдамдығы 30 м/с дейін күшейеді.

Астанада оңтүстік-батыстан 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады, кей жерлерде екпіні 25 м/с жетеді. Көктайғақ, сырма боран соғып, оқтын-оқтын қар жауады. Ауа температурасы түнде минус 5, кей жерлерде 10ºС нөлден төмен, күндіз -2 градустан 3 градус аралығында болады. Кешке қарай ауа райы жылынады.

Қазіргі кезде қаланың коммуналдық қызметтері штаттық режимде жұмыс істеуде. Қар қатты жауып, бұрқасын соққанда олар күшейтілген режимге ауысады. Жолдар мен жаяу жүргіншілердің жолдарына көктайғаққа қарсы заттар себіледі, деп жазады astana.gov.kz.