Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы оңалту қызметтерін көрсететін 45 медицина ұйымымен келісімшарт жасаған. Олардың ішінде: жекеменшік – 20, мемлекеттік – 22, республикалық – 3 медицина ұйымы бар.
Медициналық оңалту үш кезеңнен тұрады. Біріншісі ауруы асқынып тұрған науқастарға, хирургиялық операция жасатқан, жарақат алған адамдарға арналған. Ол стационарлардың құрылымдық бөлімшелерінде жүргізіледі. Егер пациентті ауруханаға жатқызу қажет болмаса, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін және негізгі ауру емделіп болғаннан кейін пациент оңалтудың екінші немесе үшінші кезеңіне жіберіледі.
Оңалтудың екінші кезеңі мамандандырылған бөлімшелерде немесе республикалық денсаулық сақтау ұйымдары, мамандандырылған оңалту орталықтары мен көпбейінді стационарлар базасында өтеді. Бұл кезең ауру басталған сәттен бастап тоғыз ай ішінде жүргізілуі қажет. Курстың ұзақтығы мен жиілігі нозологияға, науқасты денсаулық жағдайына, тағы да басқа факторларға байланысты.
Үшінші кезеңде медициналық оңалту емхана-амбулатория деңгейінде, күндізгі және тәулік бойғы стационарларда, оңалту орталықтарында, шипажайлар мен курорттарда, үйдегі стационар жағдайында, сондай-ақ қашықтықтан жүргізіледі. Курстың жиілігі мен ұзақтығы пациенттің денсаулығына қарай белгіленеді.
«МӘМС енгізілгелі бері медициналық оңалту да дами бастады. 2021 жылы елордада бұл бағытта 4,6 млрд теңге жұмсалған. Елорданың күндізгі стационарларында 98,2 мың пациент оңалтудан өтсе, тәулік бойғы стационарларда – 129 мың адам оңалтудан өткен. Амбулаториялық-емханалық деңгейде елорда тұрғындарына 671 мың оңалту қызметі көрсетілді» - дедіі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Ем курсы – 5-6 күн. Емге:
• Массаж (барлық түрі)
• ЕФК (оның ішінде, тыныс алу гимнастикасы, цигун)
• Физиоемдеу
• Тұз шахтасы, кислородты коктейль,
• Бассейн, фитобочка
• Бинауральды терапия
• Психикалық түзету және психологиялық ем-шаралар кіреді.