Елордада cпорттық жастар фестивалі басталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 4 қыркүйек күні елорда әкімдігі алдындағы алаңда «Qazaqstan Jastar Fest - 2019» cпорттық жастар фестивалі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фестивальдің ашылуына ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев және елімізге белгілі спортшылар қатысты.

А.Райымқұлова аталған фестивальдің маңыздылығын атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Осы орайда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына тарту, елімізде бұқаралық спортты дамыту мақсатында осындай шараны қолға алған болатын. Қала әкімдігі біздің идеяны қолдап әкетті. Сол үшін де Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мырзаға зор алғысымды білдіремін. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес, біз бұқаралық спортты қарқынды дамыту жолында біраз жобаларды қолға алып жатырмыз. Бүгінгі шара соның бастамасы», - деді министр.

Сөз соңында ведомство басшысы осындай фестивальді өткізу кезегін Алматы қаласына жолдады.

Министрліктің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінен мәлім еткендей, фестиваль аясында жас каратэшілер, грэпплинг шеберлері, стритболшылар, футболшылар өз өнерлерін жиналған жұртшылыққа паш етті. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлері бойынша бес асық, асық ату, арқан тарту, гір көтеруден жарыстар ұйымдастырылды.

Спорттық фестиваль еліміздің барлық өңірлерінде жалғасады.

Шараны ұйымдастырған - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі.