Елордада дабыл қағу жүйелері тексеріледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада ертең дабыл қағу жүйелері тексеріледі, деп хабарлайды ҚР ТЖД баспасөз қызметі.

«Қымбатты қала тұрғындары мен қонақтары, 11 шілде күні 09 сағат 55 минутта теле-радио арналарда және электродабылдарын қосу арқылы Нұр-Сұлтан қаласының құлақтандыру жүйелері тексеріледі» делінген хабарламада.

Еске саламыз, төтенше жағдай орын алған кезде немесе төтенше жағдайдың орын алуына қауіп төнген кезде электродабылдар немесе басқа да дабыл құралдары қосылады. Бұл дабылды естіген кезде тұрғындар міндетті түрде қолайлы ақпарат қабылдау құралдарын (теледидарлар, радиолар және т.б.) іс-әрекеттер туралы нұсқаулар мен ақпарат алу үшін қосулары керек.

Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын сабырлық сақтауға, үрейленбеуге шақырады.