Елордада дәмханада болған өрт кезінде екі адам құтқарылды

Фото: ҚР ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада ТЖМ қызметкерлері өрт кезінде 2 адамды құтқарды.

- Алматы ауданында Тәуелсіздік даңғылы мен Ақыртас көшесінің қиылысында 2 қабатты дәмхананың бильярд бөлмесінен өрт шықты. Келген құтқарушылар өртті жедел түрде сөндіріп, баспалдақтың көмегімен ғимараттың шатыры арқылы дәмхананың 2 қызметкерін құтқарды. Ғимаратта болған адамдар өрт сөндірушілер келгенге дейін өздері далаға шыққан, - делінген таратылған мәліметте.

Өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің себебі анықталып жатыр.

Еске салсақ, 22 маусымда Астанадағы өртке байланысты 17 қабатты үйдің тұрғындары эвакуацияланған.