Елордада «Даму» қорынан несие алып беруді ұсынған алаяқ ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда тұрғындарға несие алуда көмек ұсынған әйел ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

«Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті Сарыарқа аудандық басқармасының қызметкерлері 33 жастағы тұрғынды ұстады. Ол «Даму» қоры арқылы ірі көлемде несие әперуде көмек ұсынған. Оның «Даму» қорына еш қатысы жоқ. Өз «қызметі» үшін әр адамнан 100-200 мың теңге аралығында қаражат алып отырған. Осылайша, оған 22 адам өз еркімен ақша әкеліп берген», - деп хабарлады полиция қызметі.

Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы бойынша (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.