Елордада дәстүрлі емес діндердің 44 мүшесі ұсталды
11:53, 28 Қаңтар 2013
АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - Астана аумағында қалалық Ішкі істер департаментінің қызметкерлері экстремизм мен лаңкестікке қарсы күреске байланысты шұғыл алдын алу іс-шараларын өткізді.
Әсіресе, заңсыз миссионерлік қызмет пен заңсыз көші қон мәселелеріне баса назар аударылды. Бұл туралы astana.kz сайты қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
«Іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері елордада орналасқан заңсыз діни бірлестік пен дәстүрлі емес діни ағымның 44 мүшесін анықтады. Сонымен қатар олардан 259 дана діни әдебиет пен дыбыс/бейнежазбалары, 5 атыс және бір травматикалық қару табылды», - делінген ведомство ақпаратында.
Сондай-ақ, департамент мәліметі бойынша, 130 шетелдік пен азаматтығы жоқ адам көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қабылдау-бөлу орнына 5 адам орналастырылып, іздеуде жүрген бір қылмыскер қолға түсті.