Елордада дәулескер күйші, композитор Нұрғиса Тілендиевтің 85 жылдық мерейтойына арналған әдеби-музыкалық кеш өтті

None
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Президенттік мәдениет орталығында атақты композитор, дирижер, дәулескер домбырашы, Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 85 жылдық мерейтойына орай «Нұрғиса - қазақтың сұлу сазды жүрегі» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.

Өскелең ұрпақты Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығымен таныстыру, жастар арасында халық музыкасын насихаттау, тыңдармандарды ұлттың рухын құрметтеуге, күй өнерін дәріптеуге үндеу мақсатында ұйымдастырылған шараға Астана қаласының гуманитарлық колледжі студенттері, орталықтың қызметкерлері, қала тұрғындары қатысты.

Әдеби-музыкалық кеш барысында экран арқылы Нұрғиса Тілендиевтің өмірбаяны туралы қысқаша бейне роликтер, слайдтар көрсетілді. Әнші Перизат Тұрарова композитордың «Сағындым ғой», «Құстар» әндерін, Сәттібек Баяхов «Әлқисса» және «Аққу» күйін, сонымен қатар 2008 жылы Испанияда өткен орыс конкурсының, ресейлік, қазақстандық конкурстардың лауреаты Анел Нисанова «Саржайлау» әнін орындады. Сонымен қатар композитордың өмірінен сыр шертетін суреттер, өмірбаянына қатысты естеліктер, шығармалар жинағы арқылы арнайы көрме де ұйымдастырылды.

Қазақ музыкалық мәдениетіне, саз өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, артына өшпес мол мұра қалдырған, дәулескер күйші, қазақтың әйгілі композиторы Нұрғиса Тілендиевтің «Достық жолымен», «Менің Қазақстаным» сияқты кантатасы, Қ.Қожамияровпен бірлесіп жазған «Алтын таулар» операсы, «Ата толғауы» күйі мен оркестрге арнап жазған өзге де туындылары халқының сүйіп тыңдайтын дүниелеріне айналды. Сондай-ақ оның «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Әлқисса», «Қорқыт ата туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», «Фараби сазы» сияқты күйлері, «Саржайлау», «Алатау», «Ақжайық», «Аққұсым», «Өз елім» сияқты әндері халқының зор ықыласына бөленді. Ұлы сазгердің бұдан басқа 40-тан астам пьесасы, 20-дан астам фильмге жазған шығармалары бар.