Елордада егілген ағаштардың 90%-ы жерсініп кетеді - маман пікірі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада қаланы көгалдандыру мақсатында биыл да өткен жылдағыдай 1 млн жуық жасыл желек отырғызу жоспарланған. «Астана-Зеленстрой» басшысы Айбар Наурызали ағаштардың жерсінуі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат астана әкімдігіне сілтеме жасап.

«Жасыл кеңістіктердің өсуіне, дамуына және өмір сүруіне әсер ететін бірқатар факторлар бар. Біріншіден, қатал климаттық ауа райы жағдайларын ескеру қажет. Мысалы, дұрыс отырғызу технологиясына сәйкес егілген және қалыпты күтім алатын ағаштардың құлау пайызы 5%-дан аспайды. Егер құрылыс компаниялары жүзеге асыратын өтемақы ретінде егілетіндерді алатын болсақ, онда мұнда құлау мөлшері шамамен 11% болады. Қаланың күрт континенталды климатын ескерер болсақ, бұл - өте жақсы көрсеткіш. Бұл жағдайда ағаштың өсуі құрылыс компаниялары көбінесе стандартты емес материалды қолданатындығына байланысты екені байқалады. Ағаштардың құлау пайызын азайту үшін әкімдік құрылыс компанияларына өтемдік отырғызуды өздерінің тікелей жүргізуіне тыйым салды, өйткені бұл жұмысты сала мамандарының атқаруы өте маңызды», - деді «Астана-Зеленстрой» ЖШС басшысы Айбар Наурызали.

Көгалдандыру жұмыстары қаланың барлық аудандарында, соның ішінде тұрғын үй массивтерінде, саябақтарда, қоғамдық кеңістіктерде және басқа жақтарда жүргізіледі. Мысалы, ботаникалық бақта өткен жылы 5 мың ағаш отырғызылды, биыл тағы 3 мың ағаш отырғызу жоспарланған.

Жасыл желектерді отырғызу кезінде «Астана-Зеленстрой» ЖШС қажетті агротехникалық іс-шараларды жүргізеді. Өзінің отырғызу материалын пайдаланады, ағаштарды зиянкестер мен аурулардан өңдейді, минералды және органикалық тыңайтқыштарды пайдаланады, уақытылы суарады. Айта кетсек, серіктестік ауданы 350 га питомникке ие.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Нұр-Сұлтанда шыбын-шіркейге, масаға қарсы дезинсекция жұмыстары жүріп жатыр.