Елордада елімізде үздік тауарлар шығаратын компаниялар белгілі болды

АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елордада ашылған «Қазақстанның үздік тауарлары» көрме-конкурсының аясында «Үздік азық-түлік тауарлары», «Халық тұтынатын үздік тауарлар» және «Өндірістік мақсатқа арналған үздік тауарлар» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталды.

Марапаттау рәсімінде сөз алған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев байқауға ел экономикасының түрлі саласында жемісті еңбек етіп жүрген компаниялардың қатысқанын атап өтті. Олар сапалы әрі алдыңғы қатарлы өнімдер шығара отырып, көрші елдердің кәсіпорындарымен бәсекеге қабілетті екендігін көрсетіп отыр.

«Осындай байқау іс-шаралары шағын және орта бизнес өкілдері арасындағы нақты бәсекелік ахуалды қалыптастырады. Бұл кәсіпкерлердің инновациялық әлеуеттін белсендіруге әсер етеді және сапалы өнім шығарудағы олардың жұмыстарының тиімділін арттыруда, сапасын басқаруда әлемдік ұстанымдарды тартуға мүмкіндік береді», - деді Ә.Исекешев.

Сонымен «Өндірістік мақсатқа арналған үздік тауарлар» аталымына ұсынылған 55 үміткердің арасынынан «Қазақстан электролиз зауыты» (Павлодар қаласы) жеңімпаз деп танылды. 2-3 дәрежелі дипломанттар атағы «Қайнар-АҚБ» (Алматы облысы) мен «Петропавл құрылыс материалдары зауыты» ЖШС-не (Солтүстік Қазақстан облысы) бұйырды.

«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша 54 компанияның арасынан үздік шыққан «Сантехпром» ЖШС (Қарағанды қ.) 1 дәрежелі дипломмен марапатталса, 2-3 дәрежелі дипломдардың жеңімпаздары болып «Химфарм» АҚ (Шымкент қ.) пен «Экотон Батыс» ЖШС (Ақтөбе қ.) танылды.

Ал 60 үміткер қатысқан «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында жүлделі орындарды сәйкесінше «Рахат» АҚ (Алматы қ.), «Юникс» ЖШС (ОҚО) және «Өскемен құс фабрикасы» АҚ (Өскемен қ.) бөлісті.