Елордада «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты ән кеші өтеді
Бұл ақпаратты аталған орталықтың баспасөз қызметі таратып отыр.
Алтайдан Арқаға, Алатаудан Ақ Жайыққа дейін айтылып жүрген ескілікті халық әндерінің кеші екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Елбасы сүйіп тыңдайтын «Ақ Баян», «Халәу-ләйлім», «Дүлдүлім», «Қарай көзім», «Қымыз құйған», «Қызылжар-Семей», «Ғазиза гүл», «Долана», «Ахау, керім», «Бұлбұл құсым», «Гүлдариға», «Беу, айдай», «Шынар-ай», «Той базар» сынды халық әндері шырқалса, екінші бөлімде Елбасына арналған және Елбасының сөзіне жазылған шығармалар орындалады. Ән кешіне елімізге танымал өнерпаздар Клара Төленбаева, Ардақ Балажанова, Гүлзира Бөкейханқызы, Жазгүл Даңылбаева, Гүлмира Сарина, Айгүл Елшібаева, Эльмира Жаңабергенова, Ахат Кенжебаев, Медет Салықов қатысады.
«ҚР Мәдениет министрлігі мен аталған орталық ұйымдастырып отырған іс-шараның мақсаты - ұрпақ тәрбиесінде зор мәнге ие халық әндерін насихаттау, ел мұрасын алып жүрген әншілерге құрмет, сондай-ақ есімін елі ғана емес, әлем әспеттеген саяси тұлға - Елбасымыз Н.Назарбаевтың әнге деген сүйіспеншілігін тану», делінген баспасөз баянында.
Іс-шараға ҚР Парламенті, ҚР Үкіметі, ҚР Президенті Әкімшілігі, ҚР Мәдениет министрлігі, дипломатиялық корпус, «Нұр Отан» ХДП, Астана қаласы әкімшілігі мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары шақырылып отыр.