Жаңа жылдық шырша кешін ашқан Астана қаласының әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев бүлдіршіндерді келе жатқан мерекемен құттықтады.
«Бүгін елордада балалар үшін көптен күткен жаңа жыл мерекесі. Астана төрінде осындай керемет мерекені бәріміз бірге қарсы алудамыз. Еліміздің бас қаласында тұратын сіздер бақыттысыздар, Астананы көргісі келетін қаншама балалар бар. Сіздерді алдағы жыл тек жақсылықтар алып келсін. Жаңа жыл әр баланы ерекше сыйымен қуантсын», - деді ол.
Жаңа жылдық шараға ерекше күтімді талап ететін 300 бала қатысты. Және оларға мерекелік көңіл-күйден бөлек, тәттілер мен ақшалай сыйлық берілді.
«Биылғы жаңа жылдық мерекені ерекше күтімді талап ететін балаларға арнадық. Концертке қаланың барлық балалар шығармашылығы ұжымдары қатысуда. Мерекелік концертте балалармен ойын ойнатылып, Аяз атаға тілектерін жазуда. Одан бөлек, тәтті сыйлар мен әр балаға 50 мың теңгенің сертификаты табыс етіледі», - деді қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаев.
Оның айтуынша дәстүрге айналған жаңа жылдық жиынның биылғы ерекшелігі бүлдіршіндердің ата-аналарының да қатысуы.