деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астана қаласы елорда болған күннен бастап, қарқынды дамып келе жатқанына бәріміз куәміз. Оның айғағы 10 жыл аралықта халық санының 2 есеге өсуі. Нәтижесінде жүздеген тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар, мәдени және ойын-сауық сарайлары бой көтерді. Мұның бәрі, жаңа әкімшілік орталықтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін, дәл бір жыл бұрын Елбасының Жарлығымен, Елорда төрінде «Есіл» ауданының құрылуына алып келді. Әрине, бұл оңай шешім емес. Бұл Елбасымыздың саяси көрегендігі мен даналығының жетістігі», - деп бастады өз сөзін «Есіл» ауданының әкімі Қайрат Жаңабергенов.
Тұрғындар саны 180 мыңнан асатын «Есіл» ауданы елорданың жартысына жуық жерін алып жатыр. Ауданның аумағына сол жағалаудағы Пригородный, Үркер, Тельман, Заречный, Шұбар тұрғын үй орамдары кіреді. Қ. Жаңабергеновтің айтуынша, жаңа ауданның құрылуы қала шаруашылығын және тұрғын үй-коммуналдық саладағы нысандарды, халыққа мемлекеттік және әлеуметтік қызмет көрсетудің қолайлылығы мен сапасын қамтамасыз етуді басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі кешенді мәселелерді шешуге мүмкіндік берді.
Сонымен бірге, «Есіл» ауданында 5 мектеп бар, жақында алтыншы білім ордасы ашылды. Биыл тағы бір мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Барлығы аудан аумағындағы оқушылар саны 4245 бала. Бұған қоса 2 мемлекеттік және 8 жекеменшік балабақша, 5 балаларды дамыту орталығы бар.
«Айналып келгенде, ауданымыздың бүгіні де, болашағы да өз қолымызда. Олай болса әрқайсымыз осы жердің тұрғыны екенімізді мақтанышпен сезінуіміз керек. Есіл ауданы - жас аудан, бірақ келешегі зор», - деді Қ.Жаңабергенов.