Елордада футбол жанкүйерлері жанжал шығарды: кінәлі қамауға алынды

Фото: Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада футбол жанкүйерлері жаппай төбелесті, жанжалдың желіде тараған видеосы сотта қаралды. 

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Астана-Арена» стадионының жанында төбелес шығарып, қоғамдық тәртіпті бұзған Д.-ға қатысты істі қарады. Оның әрекеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі бойынша сараланған.

— Сотта Д. төбелестің мән-жайын растады, кінәсін мойындап, өкініп, жанжалды бетперде киген адамдардың (мүмкін футбол клубының жанкүйерлері) шығарғанын ескеруді сұрады. Сот құқық бұзушылықтың мән-жайы оқиға орнынан түсірілген бейнежазбамен растады, — дейді қалалық соттан.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте, аталған жағдайда 434-бабы 1-бөлігіне сәйкес 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.

— Сот 10 тәулік түріндегі қамауға алу шарасын қоғамға теріс әсер ететін және қоғамға құрметсіздік көрсетуге бағытталған, орынсыз мінез-құлықта көрсетілген жасалған іс-әрекеттің дәрежесі мен сипатын ескере отырып тағайындады, — делінген сот қаулысында.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, мамырда Маңғыстауда мектеп оқушылары төбелесіп, бір бала ауруханаға түсті

Сондай-ақ осы айда Алматыда жаппай төбелес болып, екі адам пышақ жарақатын алған еді

Одан бөлек Ақтауда бір топ жігіт көшеде тапа-тал түсте төбелес шығарды