«Super Bol» жобасы Қазақстанда алғаш қолға алынып отыр. Ол биыл маусымда басталды. Ертең бізде финал болады, маңызды күн. Іріктеліп алынған жас футболистер 2,5 ай бойы дайындалды. Жас футболистердің қабілетін арнайы 8 скаут қадағалады. Кастинг нәтижесінде футбол ойнау қабілеті бар деген 132 үміткер анықталды. Оның ішінде үздік деген 25 жас футболисті таңдап алып, олар Талғардағы арнайы базада дайындық өткізді», - деді «Super Bol» жобасының бас менеджері Давид Лория елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Super Bol» жобасына кастинг 15-25 жас аралығындағы кәсіби футболға таласы бар жастар арасында өтті. Онда 6 мыңнан астам үміткер бағын сынаған.
Сондай-ақ іріктеу Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Семей, Павлодар, Ақтау, Ақтөбе және Тараз қалаларында өткізілді.
Айта кетейік, «Super Bol» жобасының ақтық ойыны ертең елордадағы «Астана Арена» стадионында кешкі сағат 20:00-те басталады.
«Жеңіс» футбол клубы мен жас футболистерден құралған «Super Bol» командасының ойынын Өзбекстан футбол федерациясының бірінші вице-президенті Равшан Ирматов төрелік етеді.
«Super Bol!» жас футболшылар жобасын ҚР Президенті жанындағы «Dara» дарындыларды қолдау қоры және Freedom Broker инвестициялық компаниясы қолға алған.
Биылғы 7 тамызда Алматының Орталық стадионында «Super bol» қатысушылары мен Қазақстан құрамасы сапында ойнаған, есімдері аңызға айналған футболшылар жолдастық матч өткізген еді. Ойын 4:4 есебімен тең аяқталды.