Елордада «Ғарыш адамзаттың игілігі үшін - болашаққа көз салу» атты тақырыпта халықаралық конференция өтеді

АСТАНА. 5 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 6-7 қаңтар күндері Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғарышкер Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанына 50 жыл толуына орай «Ғарыш адамзаттың игілігі үшін - болашаққа көз салу» атты тақырыпта халықаралық конференция өтеді.

Аталмыш шараны Ұлттық ғарыш агенттігі Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығымен және Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп ұйымдастырмақ. Конференцияға Қазақстанның, Ресейдің, Францияның, Германияның, Украинаның, Жапонияның ұлттық ғарыш агенттіктерінің, ғарыш саласындағы кәсіпорындарының, конструкторлық бюроларының, жоғары оқу орындары мен академиялық институттарының және ғылыми ұйымының өкілдері қатысады. Сондай-ақ жиынға Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігі мен Үкімет өкілдері, бірқатар мемлекеттік органдар мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері, сондай-ақ ғарышкер Талғат Мұсабаев пен оның экипаж мүшелері шақырылған.

Конференцияның мақсаты - оған қатысушы мемлекеттердің ғылым, білім, өндіріс, ғарыш саласына қатысты және өзге де бағыттар бойынша әрекеттесудің басым бағыттарын анықтау болып табылады. Шара барысында түрлі өзекті тақырыптар бойынша баяндамалар жасалады. Сондай-ақ «Ғарыш қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр.

Конференция жұмысы «XXI ғасыр зымыран-ғарыштық техникасы және ғарыштық технология», «Ғарыштық ғылыми зерттеулер және эксперименттер», «Ғарыштық материалтану және аспап жасау» атты тақырыптардағы үш секцияда өтеді.