Бұл - ғарышкердің бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырып келе жатқан жас ғарышкерлер мектебінің шығармашылық сайысы, бұнда ол ғарыш үйірмесінің жыл сайынғы қорытындысын шығарады.
Биылғы жылы ғарыш туралы білімін тексеретін үш кезеңнен тұратын сайысқа Астананың 9 мектебі мен балалар үйінен 33 оқушы қатысты, сондай-ақ Қарағанды оқушылары да бақ сынады.
Сайыстың ең қиыны теориялық кезеңі болды, онда астрономия мен әлемдік және қазақстандық ғарыш бойынша 40 сұрақ қойылды.
«Бұл сайыстың мақсаты оқушыларды патриоттыққа тәрбиелеу, сондай-ақ авиация, ғарыш саласына қызығушылықтарын ояту», - дейді Оқушылар сарайына қарасты Жас ғарышкерлер мектебінің жетекшісі Айдын Айымбетов.
Үш жыл ішінде ғылыми-ғарыш үйірмесіне 300-ден астам бала келген. Аптасына үш рет Айдын Ақанұлы өткізетін сабаққа 50-ден астам бала қатысады.
10 жастағы Азат Бектемісов сайыстың жеңімпазы атанды, ол 40 сұрақтың 38-іне дұрыс жауап берген.
«Маған үйірмедегі сабақтар өте ұнайды, мен бұл жерде ғарыш туралы көп нәрсені білдім. Мен де өскенде ғарышкер болуды армандаймын», - дейді Азат.
Ал байқаудың ғарыш туралы сурет салу кезеңінде балалар түрлі суреттер салды. Бұл сайыстың жеңімпазы болып Астанадағы балалар үйінің тәрбиеленушісі Роман Бобков танылды. «Ғарыш және балалар» сайысына «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ мен Оқушылар сарайы демеушілік көрсетті.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ президентінің кеңесшісі Сара Нұрғалиева жеңімпаздарға сыйлық табыстап, балалар мен олардың жетекшісі Айдын Айымбетовті кәсіби мерекелері - Ғарышкерлер күнімен құттықтады.