19:43, 01 Сәуір 2009
Елордада Гогольдің 200 жылдығына арналған кеш өтті
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін елордадағы Ресей ғылым және мәдениет орталығында (РҒМО) ұлы жазушы Н. В. Гогольдің туғанына 200 жыл толуына арналған кеш өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Бүгін Гогольдің туғанына 200 жыл толып отыр. Біз мұндай маңызды оқиғадан тыс қалуды жөн көрмедік», - деп атап өтті мерейтойлық кеште РҒМО орыс тілі бөлімінің меңгерушісі Светлана Петрова. Сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының депутаты Анатолий Башмаков Н.Гоголь шығармаларының жас ұрпақ үшін аса маңызды екендігін айтты. Ал Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары жазушының шығармашылығына егжей-тегжейлі тоқталды.
Қазақ оқырмандары Гоголь шығармаларымен («Ревизор», 1938 ж. ауд. М. Әуезов, «Өлі жандар», 1932 ж. ауд. Қ.Тайшықов, «Тарас Бульба»,1945 ж. ауд. Т. Нұртазин) 1930 жылдардан таныс. Ал оның «Үйлену», «Ревизор» пьесаларының қойылуы қазақ театр өнерінің дамуына игі әсерін тигізді. Жазушының мерейтойлық кешінің соңында Н.Гоголь атындағы Орыс драма театрының әртістері «Бәрі өзіміз ғой» қойылымынан үзінді қойылды.