Елордада «ГулиДина» көркемөнер галлереясы ашылды

АНА. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы «Алматы» іскерлік үйінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және Астана әкімдігінің қолдауымен   «ГулиДина» көркемөнер  галлереясы ашылды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл көрмеге қатысушылардың арасында Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері, кәсіпқой суретшілер Білеужан Батанов, Азат Баярлин, Дария Қалимова-Қастеевалармен қатар, туындыларын   алғаш ұсынып отырғандар да бар. Басқа көрмелерде бір ғана суретшінің туындылары қойылар болса, бүгін өтіп жатқан көрмеге бірнеше өнер шеберлері атсалысып отыр. Сондай-ақ мұнда мүсін, қолөнері, гоболен сияқты бейнелеу өнерінің сантүрлі салалары да қамтылған. Осындай көрмелердің жиі болып тұрғаны құптарлық, себебі  ол жаңадан өсіп келе жатқан жастардың шығармашылығына оң әсерін тигізбек», дейді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Төлеуғазы Байғазиев.

«Мамандығым - дәрігер. Бірақ бейнелеу өнеріне деген қызығушылығым мектеп қабырғасында басталған болатын. Осы көрмеге «Сақ патшайымы», «Өмір», «Ақ жол» атты туындыларым қойылды», дейді көрермендер назарына алғаш рет өз туындыларын ұсынып отырған Төлеген Беков.