«Сәкен сері Нұрмақұлы 20 ғасырдың екінші жартысындағы қазақтың әдеибетіндегі аса көрнекті, ұлы өкілдердің бірі. Ол кісінің қаламынан туындаған эпикалық-прозалық туындылар, драмалық шығармалар біздің өнерімізге, мәдениетімізге сол санатта ұлттық әдебиетімізге олжа салған дүниелер. Сондықтан міне ресми орындардың, жалпы ордалы қауымның жазушының соңғы күндері өткен, тұрған үйіне осындай ескерткіш тақта орнатып жатуы өнерге, әдебиетке, дарынға деген құрмет деп бағалаймыз», - деді ескерткіш тақтаның ашылуында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин.
Сонымен қатар шараға қатысқан Сәкен Нұрмақұлының қарындасы Роза апа да қуанышын жасырмай ескерткіштің ашылуы бүкіл халқы үшін, туған-туыстары үшін зор мәртебе деп білетіндігін жеткізді.
Айта кетейік, Сәкен Жүніс - Қазақстанның халық жазушысы, драматург. «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметтерін атқарған. Қаламгердің «Аманай мен Заманай» романы бойынша «Заманай» атты көркем фильм түсірілген. Оның «Ажар мен ажал», «Тұтқындар», «Жаралы гүлдер», «Қызым, саған айтам», «Қос анар», «Әр үйдің еркесі», «Қысылғаннан қыз болдық», «Кроссворд», «Елім-ай», «Сабалақ Абылай», «Сәукеле» және тағы да басқа пьесалары республикалық және облыстық театрларда сахналанған. «Сонарда», «Әжем мен емші және дәрігер», «Кімнің мекені жақсы?» атты әңгімелер мен повестер жинағы, «Жапандағы жалғыз үй» , «Ақан сері» романдары жарық көрген. Көптеген шығармалары шет ел тілдеріне аударылған. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері.